29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні

Бұл күн қауіпсіздіктің абстракция емес, мемлекеттің күнделікті еңбегі мен әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін еске салады. Қазақстан өмірді таңдаудың мүмкін екенін әлемге көрсетті: 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды.

Ашық дереккөздерге сәйкес, 1949–1989 жылдары полигонда кемінде 468 ядролық сынақ өткізілді, бұл уақытта кемінде 616 ядролық және термоядролық заряд жарылды. Оның ішінде 125 атмосфералық (26 жерүсті, 91 әуедегі, 8 биіктіктегі) және 343 жерасты сынағы (215 штольняда, 128 ұңғымада). 55 жерүсті және әуедегі жарылыстың радиоактивті бұлттары полигон шегінен тысқа шыққан, ал 169 жерасты сынағының газдық фракциясы да полигоннан тыс тіркелген. 1949–1963 жылдар аралығындағы жиынтық қуат Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2 500 есе артық деп бағаланады.

Азаматтық қорғаныс жүйесі үшін бұл — тарих қана емес, техногендік тәуекелдердің құны туралы сабақ. ТЖМ-нің міндеті — қауіптің алдын алу, халықты төтенше жағдайдағы іс-қимылға дайындау және жедел әрекет ету. Біз оқу-жаттығулар өткіземіз, хабарлау жүйелерін жетілдіреміз, эвакуация мен қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтаймыз — сын сәтінде әр минут адам өмірін сақтауға қызмет етуі үшін.

Әр азамат не істей алады? 112 нөмірін білу және оны тек нақты жағдайда қолдану, ресми ақпаратқа сену, жұмыста және үйде жаттығуларға қатысу, эвакуация жолдарын білу, ТЖ-ға арналған қарапайым жинақ дайындау.

Басты мақсат — өткеннің қасіреті қайталанбасын, Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздік аймағы болып қала берсін.

 

Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі