Жетісу облысында «Жер-2025» республикалық оқу-жаттығуы өтуде

Жетісу облысында «Жер-2025» республикалық оқу-жаттығуы өтуде

2025 жылғы 23–24 шілде аралығында Жетісу облысында «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Оқу-жаттығудың басты мақсаты — жойқын жер сілкінісі жағдайында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының дайындық деңгейін тексеру және төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша іс-қимылдарды пысықтау.

Оқу-жаттығудың облыстық орталығы ретінде Талдықорған қаласы белгіленді. Қаладағы индустриалды аймақта 500 адамға арналған шатырлы лагерь орналастырылып, зардап шеккен халықты уақытша орналастыру жағдайы ұйымдастырылды.

Жаттығу барысында келесі бағыттар қамтылды:

  • жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимыл алгоритмдерін нақтылау;
  • құлақтандыру және байланыс жүйелерінің тұрақтылығын тексеру;
  • азаматтық қорғау қызметтерінің жедел штабтарының жұмысын ұйымдастыру;
  • халықты қауіпсіз аумаққа эвакуациялау, кинологиялық есептердің, апаттық-құтқару бөлімшелерінің және өрт сөндіру қызметтерінің өзара жұмысы;
  • көпқабатты тұрғын үйде орын алған шартты өртті сөндіру;
  • коммуналдық қызметтердің шұғыл әрекет ету дайындығы;
  • халық арасында түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізу.

Оқу-жаттығу аясында түрлі ведомстволардың үйлесімді іс-қимылдары тексеріліп, жедел шешім қабылдау және практикалық іс-әрекет жасау дағдылары шыңдалуда.

 

Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі