Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үшін дене дайындығын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды — Талдықорғанда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық «BATYR TEAM» спорт клубының филиалы ашылды.
Ашылу салтанатына Жетісу облысы ТЖД бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Сәкенұлы Бекбосынов пен «Арыстан» академиясының директоры Руслан Молдаәкімұлы қатысты. Іс-шара аясында ТЖД мен спорт клубы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Филиалдың басты мақсаты — қызметкерлердің кәсіби және физикалық даярлығын жүйелі түрде арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Мұнда қызметкерлерге арналған тұрақты жаттығулар, жауынгерлік және қолданбалы спорт түрлерінен дайындық ұйымдастырылады.
Атап айтқанда, қол күресі, төзімділік және тәртіпке негізделген жаттығулар құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметтік міндеттерін сапалы орындауына сеп болады. Жаңа орталық республикалық жарыстарға дайындық базасына айналып, қызметкерлердің спорттық белсенділігін қолдауға бағытталған.
«BATYR TEAM» клубының Талдықорғандағы филиалы — азаматтық қорғау органдары жүйесінде кадрлардың кәсіби деңгейін көтеруге арналған маңызды бастама.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі