Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары балалар үшін жазғы демалысты қауіпсіз әрі есте қаларлық ету бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы құтқарушылар «Жалын» балалар сауықтыру лагеріне арнайы барып, жас демалушыларға арналған мазмұнды әрі интерактивті бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін үйрету және судағы, өрт кезіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Сабақтар дәстүрлі лекция түрінде емес, ойындар мен жарыстар арқылы қызықты әрі қолжетімді форматта өтті. Бұл балалардың ерекше қызығушылығын туғызып, белсенді қатысуына ықпал етті.
Бағдарлама барысында балалар құтқарушылардың жауынгерлік киімін киіп көріп, заманауи авариялық-құтқару техникасымен танысты, алғашқы көмек көрсету әдістерін үйренді. Іс-шараның шарықтау шегі – өрт сөндіру шлангынан ұйымдастырылған су бұрқағы болды. Бұл күтпеген тосынсый балаларға шексіз қуаныш пен күлкі сыйлады.
Эстафета мен байқау жеңімпаздарына естелік медальдар мен сыйлықтар табысталды. Ал барлық қатысушылар пайдалы білім мен ұмытылмас әсерлерге ие болды. Енді олар үшін қауіпсіздік – тек ереже ғана емес, жазғы демалыстың ажырамас бөлігіне айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарын үйренуіне және жазғы кезеңде орын алуы мүмкін судағы немесе өрт кезіндегі оқиғалардың алдын алуға сеп болады.
Жетісу облысының ТЖД мұндай мазмұнды кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, балалардың қауіпсіз әрі қуанышты жазын қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Жетісу облысының ТЖД баспасөз қызметі