Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінде «Азаматтық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Іс-шараға құрылымдық, ведомстволық және аумақтық бөлімшелердің басшылары мен инспекторлық құрам қатысты.
Семинарды Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А. Шәріпбай ашты. Шақырылған сарапшы ретінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Г. Валиева баяндама жасады.
Кездесу барысында мемлекеттiк антикоррупциялық саясаттың негізгі бағыттары, күнделікті қызмет барысында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету шаралары, сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алу тетіктері талқыланды.
Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қызметтік этика нормаларын сақтау және құқықтық сананы арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара МЧС жүйесінде заңдылықты, ашықтықты және әділдікті нығайту, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу мақсатында өткізілді. Мұндай семинарлар азаматтық қорғау органдарында тәртіп пен жауапкершілікті арттыруға септігін тигізеді.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі