Жетісу облысының азаматтық қорғау органдарында радикалды діни ағымдар мен экстремизм идеологиясының таралуына жол бермеу мақсатында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты, ал шақырылған сарапшы — облыстық Дін істері басқармасының теолог маманы болды.
Семинардың негізгі мақсаты – жеке құрам арасында діни радикализмге қарсы құқықтық және рухани иммунитетті қалыптастыру, сондай-ақ ақпараттық сауаттылықты арттыру болды.
Кездесу барысында маман қызметкерлерге деструктивті ағымдардың ықпалына кімдер жиі түсетінін, олардың психологиялық және әлеуметтік бейімделу белгілерін түсіндіріп өтті. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы қазіргі заманғы қауіптерді, діни экстремизмнің ерекшеліктерін және одан қорғану жолдарын талқылады.
Спикер атап өткендей, радикализм – бұл дін емес, ол көбіне зорлық пен күйретуді көздейтін идеологиялық құрал. Сондықтан, сыни ойлау қабілетін дамыту, құқықтық нормаларды білу және ашық пікір алмасу – азаматтық қорғау қызметкерлері үшін де, қоғам үшін де маңызды.
Семинар соңында мамандар қойылған сұрақтарға жауап беріп, келешекте мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жетісу облысы ТЖД