Жетісудағы шомылу маусымы: қайғылы оқиғалар азайды, алдын алу шаралары күшейтілді

Жетісудағы шомылу маусымы: қайғылы оқиғалар азайды, алдын алу шаралары күшейтілді

Жазғы маусым басталысымен Жетісу облысы аумағындағы су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу жұмыстары дәстүрлі түрде күшейтілді. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, полициямен және еріктілермен бірлесіп, су жағаларында профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Жедел мәліметке сәйкес, 2025 жылдың басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 1 адам суға батып кетті, бұл оқиға шомылу маусымымен байланысты емес. 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 6 адам қайтыс болған, олардың 5-еуі жаз мезгілінде тіркелген. 2025 жылы суға кеткендердің арасында 1 бала бар, алайда шомылу маусымы басталғалы балалар арасында өлім жағдайлары тіркелген жоқ.

Салыстырар болсақ, 2024 жылы шомылу маусымында 5 адам қаза тапқан, оның ішінде 3 бала. Бұл көрсеткіштер алдын алу шараларының маңыздылығын және ересектер тарапынан бақылаудың қажеттілігін көрсетеді.

2025 жылдың басынан бастап Жетісу облысының құтқарушылары 27 адамды ажалдан арашалап қалды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 36 адамды құраған, олардың 8-і – балалар. Ағымдағы жылы құтқарылғандар арасында балалар болмағаны – ата-аналар мен тұрғындардың қауіпсіздік ережелеріне мән бере бастағанының белгісі.

Әкімшілік тәжірибе бойынша, 2025 жылы су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 412-бапқа сәйкес 2 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 13 762 теңге айыппұл салынды. 2024 жылы дәл осы кезеңде 42 жеке тұлғаға 542 724 теңге көлемінде айыппұл салынған, олардың 39-ы — шомылу маусымында.

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады: тыйым салынған орындарда шомылмау, құтқару құралдарын пайдалану, балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Тек ортақ жауапкершілік пен сақтықтың арқасында жазғы демалысты қауіпсіз етуге болады.

 

Жетісу облысы ТЖД бапасөз қызметі