Бүгін Жамбыл облысы ТЖД Тараз қаласының №4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Асхат Кабираевты құрметпен зейнет демалысына шығарып салу салтанатты шарасы өтті. Бірге қызмет атқарған әріптестері оған адал қызметі үшін алғыстарын білдіріп, жаңа өмір кезеңінде толайым табыстар тіледі.
Асхат Абдирашитұлы өрт сөндіруші-құтқарушы қызметін 2002 жылдың желтоқсан айында Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен бастаған. 2010 жылы өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылып, №1 өрт сөндіру бөлімінің (қазіргі №4 өрт сөндіру бөлімі) қарауыл бастығы қызметіне тағайындалды. Ал 2014–2016 жылдар аралығында оаталған бөлімнің орынбасары, кейін бастығы болып тағайындалып, жеке құраммен нәтижелі жұмысын жалғастырды.
Облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамов Асхат Кабираевтың кәсіби борышына адалдығын ерекше атап өтіп, оның жетекшілігімен бірнеше буын өрт сөндірушілерінің қалыптасқандығын айтты. Жеке құрам Асхат Әбдірашитовичтің әрқашан қатардағы өрт сөндірушілермен бірге қызыл жалын шарпыған қауіпті оқиғаларға тікелей қатысып, шын мәніндегі кәсіби шеберлік пен үлкен іскерліктің үлгісін көрсеткенін, қиын сәттерде әрдайым қолдау білдіріп, әрбір қызметкер үшін тәлімгер әрі тірек бола білгенін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде Асхат Кабираев бұған дейін өзін сүйікті қызметінсіз елестетіп көрмегендігін, дегенмен енді ол отбасына көбірек көңіл бөлетін уақытқа да жеткендігін тілге тиек етті.
Шара соңында әріптестері оған естелік сыйлықтар табыстап, өрт сөндірушілердің игі дәстүрімен құрметтеп шығарып салды.
Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ