
2025 жылғы 9 сәуірде Таразда М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің алаңында қоғамдағы психологиялық қауіпсіздік мәселелеріне, атап айтқанда, суицид, буллинг және лудомания мәселелеріне арналған қалалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Шараның ұйымдастырушылары М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті Педагогика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасы және Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Психологиялық қызмет тобы болды.
Семинардың негізгі мақсаты — тұлғаның психоәлеуметтік жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерге жауапкершілікті арттыру және жастар арасында зиянды әдеттерден аулақ болуға, сапалы білім алып, саналы тәрбиеге ұмтылуға деген ұмтылысты қалыптастыру болды.
Семинар барысында қатысушыларға психологиялық қауіпсіздіктің теоретикалық және әдіснамалық негіздері таныстырылып, суицидтік мінез-құлық белгілері бар тұлғаларға көмек көрсету стратегиялары қарастырылды. Суицидтік қауіп тобындағы тұлғалар үшін профилактика және терапия жоспарларын құру мәселелері ерекше назарға алынды, бұл ретте түрлі себептерді ескере отырып, осындай жағдайларды шешу жолдары талқыланды.
Бұл семинар қоғамдағы қазіргі психоәлеуметтік мәселелер туралы хабардарлықты арттырып, оларды шешудің тиімді жолдары туралы пікір алмасуға мүмкіндік берді. Психология саласындағы мамандар тәжірибе алмастырып, төтенше жағдайларда тиімді араласу тәсілдері бойынша практикалық ұсыныстарын ұсынды.
Шара жоғары деңгейде өтіп, қоғамның психологиялық қауіпсіздігін арттырудағы осындай ғылыми-практикалық кездесулердің маңыздылығын көрсетті.
ИЖ және СК тобы