Тараз тұрғыны өртке оранған автокөліктен адамдарды құтқарғаны үшін медальмен марапатталды

Тараз тұрғыны өртке оранған автокөліктен адамдарды құтқарғаны үшін медальмен марапатталды

2025 жылғы 4 наурыздағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен өрт кезінде адамдарды құтқару барысында көрсеткен ерлігі, батылдығы және жанқиярлығы үшін Манапбай Заурбек Бақтыбекұлы «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. 

      «Заурбек  ерлік көрсетіп, бооуы ықтимал қайғылы оқиғаның алдын алды. Мұндай қадамға кез-келген адам бара бермейді – ол үшін батылдық пен табандылық қажет», – деп атап өтті ТЖД бастығы, полковник Арман Тоқанов. 

      Еске сала кетейік, 8 қазанда Жамбыл облысы Тараз қаласында, Сүлейменов көшесі, 253 мекенжайында орналасқан техникалық қызмет көрсету бекеті жанында бірнеше автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Осы ТҚО-ның қызметкері Манапбай Заурбек Бақтыбекұлы BMW-520 автокөлігінің отқа оранғанын, ал жүргізуші мен жолаушының көмекке мұқтаж екенін байқап, еш ойланбастан оларды құтқаруға ұмтылды. Өміріне төнген қауіпке қарамастан, ол зардап шеккендерді жылдам қауіпсіз жерге алып шықты. 

     Сонымен қатар, Заурбек Chevrolet Niva автокөлігін қарап шығып, оның жүргізушісіне алғашқы көмек көрсетті. Құтқару операциясынан кейін ол полиция мен ТЖД қызметкерлерін шақырып, зардап шеккендерді жедел жәрдем қызметіне тапсырды. 

        Көрсеткен ерлігі үшін Манапбай Заурбек Бақтыбекұлы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан жоғары марапатқа ие болды.