2024 жылдың 17 қыркүйегінде Тараз қаласындағы «Avataria» сауда және ойын-сауық орталығында өрт тактикалық оқу-жаттығу өтті. Аталған шараға Жамбыл облысы ТЖ департаментінен 45 адам жеке құрам мен 8 техника жұмылдырылды. Оның ішінде 1 бірлік автосаты қолданылды. Атап айтқанда Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы, Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары қатысты. Өрт-тактикалық жаттығудың негізгі мақсаты адамдар көп шоғырланған ғимараттардағы өрттерді сөндіру және жеке құрамды қаладағы ғимараттардың өзіндік ерекшеліктерімен тәжірибелік тұрғыдан таныстыру болып табылады. Жоспарға сәйкес өрт аталған ғимараттың екінші қабатындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алды. Аталған сауда және ойын-сауық орталығының қызметшілері өрт сөндіру қызметіне шұғыл хабарлап, олар келіп жеткенге дейін адамдарды көшіру, өрт сөндіргіш және өзге де қоласты құралдарын пайдаланумен өртті сөндіру жұмыстарын жүргізді. Жедел жеткен өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Шақырту орнында 6 газ-түтіннен қорғау буыны құрылды. Шартты өрттің алаңы 150 шаршы метрді құрады. Құтқарушылар қызыл жалын мен қалың түтін ішінде тепловизор құралын қолданумен 4 адамды іздеп-тауып, құтқарды. Құтқарылған адамдарды Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырып, оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, ауруханаға жөнелтілді. Оқу-жаттығу өз деңгейінде өткізілді. Шара соңында Тараз қаласы ТЖ бөлімінің қызметкерлері сауда және ойын-сауық орталығының қызметшілеріне өрт сөндіргішті қалай қолдану қажеттігі туралы түсіндірді. Ал өрт сөндіруші-құтқарушылар ғимараттың өзіндік ерекшеліктерімен танысты.
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі