Жуалы ауданында бұзылған автобустан 51 адам құтқарылды

Жуалы ауданында бұзылған автобустан 51 адам құтқарылды

Ағымдағы жылдың 1 ақпан күні 7 сағат 57 минутта №7 өрт сөндіру бөлімінің «101» жүйесіне Алматы-Ташкент күре жолының 570 шақырымында Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының азаматтары мінген автобустың қозғалтқышынан ақау шығып, жолаушыларға көмек қажет екендігі туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Әміров және №7 ӨСБ-ден УАЗ автокөлігімен 2 адам шықты. Оқиға орнына жеткен кезде аталған автобус Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының шекарасындағы Жібек-жолы (Черняевка) кеден бекетінен шығып, Астана қаласына бағыт алған, алайда автобустың қозғалтқышы бұзылып, Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының маңында қалып қойғаны анықталды. Аталған автобустағы Өзбекстан Республикасының 33 және Тәжікстан Республикасының 18 азаматы, жалпы 51 адам, оның ішінде 5 жас бала Нұрлыкент ауылының мәдениет үйіне жеткізіліп, жылы орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сол күні 17 сағат 30 минутта Шымкент қаласынан қосымша шақыртылған автобусқа отырғызылып, 51 адам өз бағыттары бойынша жолданды. Өз кезегінде жолда қалған жолаушылардың діттеген жерлеріне тездетіп жетуіне атсалысқан барлық қызметкерлерге, сондай-ақ,  аудан әкімінің жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс жөніндегі бас инспекторы Бахытгүл Хасеновна Жексекееваға  алғыстарын білдірді.

   

Жуалы аудандық Төтенше жағдайлар гарнизоны