
Меркі ауданы, Меркі ауылы №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Қанат Сапиевич Құсшыбековты зейнет демалысына шығарып салу салтанаты ұйымдастырылды.
Қанат Құсшыбеков 1974 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Меркі ауданы №17 кәсіптік училищесін аяқтап, өрт сөндіру қызметін таңдады. Азаматтық қорғау органдарында 1997 жылдан бері қызмет атқарған.
Жиырма бес жыл өмірін осы өрт сөндіру қызметіне арнады. Ол үшін өрттерді сөндіру, адамдарды құтқару маңызды міндет болып қала бермек. Ал қызметте өте сыйлы беделді қызметкер ретінде көзге түсті. Әсіресе, бөлімнің ауласын көгалдандыру, безендіру жұмыстарын аса қызығушылықпен орындап, шаруашылық жұмыстарда бастамашылық етуден шаршаған емес. Жастарға үлгілі тәлімгер болды.
Өзі еңбек атқарған жылдар ішінде түрлі сипаттағы марапаттарға ие болды. Айта кететін болсақ: ІІІ, ІІ, І дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төс белгісімен, «Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Саладағы белгілі маманды зейнеткерлікке шығарып салу салтанатына Меркі ганизонының барлық қызметкерлері қатысты. Әріптестері зейнеткерге құттықтау сөз сөйлеп, арнайы өлең оқып, ақ тілектерін жаудырды.
Қанат Құсшыбеков өз кезегінде әріптестеріне алғысын білдіріп, өзіне көрсетілген сый, құрметке ризашылығын жеткізді.
Зейнет жасқа жетіп кепсіз зымырап,
Бірақ қимыл әлі жастай шымыр-ақ.
Еңбегіңіз зейнет болсын ендігі,
Күндеріңіз мұң салмасын қырындап.
Талай күндер төккен тер мен өткен күн,
Қуаныштың нәрі көктен сепкен күн.
Талай жылдар тағылымы толысып,
Еңбектен соң зейнет келіп жеткен күн.
Еленді еңбек қуанышты бәріміз,
Зейнет жаспен құлпырады сәніңіз.
Жалынды жас кейпін әлі сақтапсыз,
Қуанышқа ортақ кіші-кәріміз.
Осы жасқа жеткен де бар, жетпеген…
Жаратқанның нұры сізде көктеген.
Зейнет жастың бар қызығын көрсетсін,
Көңіл деген көркем кейіп, көк дөнен.
Зейнет жас та құтты болсын, ағайым,
Мына өмірде көрдің қиын талайын.
Асу белдер артта қалып бақ келсін,
Қара шаштың ақ шалмасын самайын.
Еңбегіңіз еленіп құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз жемісін жеңіз. Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай немере, шөберенің ортасында аяулы ата деген атты иеленіп жүре беруіңізге тілектеспін! Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын!
Меркі ауданының Меркі ауылы №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Абдраимов Асхат Анашұлы