Өзгенің өмірі үшін өз басын қауіпке тігетіндер…

Өзгенің өмірі үшін өз басын қауіпке тігетіндер…

Жамбыл облысында тұрғындарды тілсіз жаудан қорғау мақсатында бірнеше жүздеген от жауынгері тәулік бойы қызмет атқаруда. Олар тынымсыз ауысымға түсіп, өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында демалыссыз еңбектенгенуде. Алайда  қауіп-қатердің өздігінен жоғалып кетпесі анық. Ал өрт сөндіру мамандығы әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың қатарынан тапжылмай орын алғандығы көпке аян.  Аталған мамандықта қызмет атқаратын мамандар  физикалық тұрғыдан мықты болып, қолқаны қабар қою түтінді жұтқандығына қарамастан, жылжымалы сатымен жоғары көтеріліп, қажетті техникаларды пайдалануы немесе ерік-жігері мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейде болуы  жеткілікті десеңіз қателесесіз. Ең басты қасиет - өзгенің өмірін сақтап қалу жолында өзінің ішкі қорқынышын тұсаулай білу дер едік.

Міне, бүгін біз қажет кезде ерік күші мен физикалық дайындығын тиісті деңгейде ұштастыра білетін, өз ісінің үздігі Алимкулов Бауыржан Ерғараұлы туралы тілге тиек еткенді жөн көріп отырмыз. Ол Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау старшинасы болып қызмет атқаруда.

Бауыржан Ерғараұлы 2004 жылдың сәуір айынан бастап өзінің өмір жолын өрт сөндіру саласымен байланыстырған жан. Алғашында Тараз қалалық темір жол ауданындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде (қазіргі Тараз қ. №3 өрт сөндіру бөлімі) аға респираторщик лауазымынан бастаған ол, 2014 жылдан бері аға өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымында қызмет атқаруда.

Дәл осылай, өзі ең алғаш қызмет жолын бастаған өрт сөндіру бөлімінде  табан аудармай қызмет атқарып келе жатқан Бауыржан Алимкуловқа биыл аттай 17 жыл толмақ. Ол әрдайым күрделі қызметте жұмыс атқару барысында түрлі сипатағы өрттер мен төтенше жағдайлардың бел ортасынан табылып келеді. Ендеше осындай оқиғалардың біріне тоқтала кеткен артықтық етпес.

2021 жылдың 2 қыркүйегінде 18.45-те бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне Тараз қаласындағы 2 тұрғынүйдің шатыры, жазғы асхана мен монша шатырларының өртенуі туралы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен от жауынгерлері ашық жалынның жазғы асхана мен монша шатырын, қос үйдің шатырларын жалмағандығын анықтайды. Ал өрт аумағы  250 шаршы метрді құраған. Барлаудан кейін І-ші бөлімше жауынгерлік қанат жайып, үйдің жазғы асханасы мен моншаның шатырындағы өртті кіріседі.  Ал бұл кезде Бауыржан Алимкулов екінші бөлімшені басқарып, жауынгерлік қанат жаю әдісін қолданып, өрттің өзге аумаққа жайылкына жол бермей, сатының көмегімен көрші үйдің шатырындағы өртпен арпалысқа түсіп, қызыл жалынның бет шарпитын ыстығына қарамастан, өртті бағындырады. Осылайша, дұрыс шешім мен  сауатты басшылықтың арқасында, яғни Бауыржан Алимкулов секілді өз ісінің үздіктерінің еңбегінің нәтижесінде ешбір жан зардап шекпей, шатырдағы өрт толық сөндірілген.

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобы