2021 жылғы 19 мамырда қала әкімінің орынбасары А. Садубаевтың төрағалығымен Тараз қаласы білім бөліміне қарасты мектептердің директорларымен мектептерде оқушыларды эвакуциялау, жаттығулар өткізу және жалпы өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша ауқымды жиналыс өткізілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы 85 білім беру объектінің өртке қарсы жағдайына жоспарлы жүргізілген тексерулердің нәтижесінде анықталған өрт қаупісіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою бойынша Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқарамасының бас маманы Арман Смайлов баяндама жасады.
Жиналысқа қатысушыларға ағымдағы жылы өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 85 лауазымды тұлғалар тартылып, 16 тұлғаға 466 мың 720 теңге айыпұл салынып, 69 тұлғаға ескерту берілгендігі жеткізілді.
Қазіргі таңда ұсынылған ұйғарымдаманы орындау бойынша мектептерде бақылаулық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Анықталған кемшіліктер жойылмаған жағдайда, заң талабына сәйкес (ҚР ӘҚБтК 462-бабы) әкімшілік шаралар қолдана отырып, кемшіліктерді мәжбүрлеп орындату үшін тексеру материалдары әкімшілік соттың қарауына жолданатындығы түсіндірілді.
Жалпы, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
Тараз қаласы ТЖБ бас маманы азаматтық қорғау подполковнигі
Кайрат Оразбаев