
Шу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Шу ауданының №10 колледж студенттерімен өрт қауіпсіздігі және шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында мамандар студенттерге өрттің алдын алу шараларын, электр құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, жазғы шомылу маусымында су айдындарында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қызметкерлер суға рұқсат етілмеген орындарда шомылмау, мас күйде суға түспеу және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 бірыңғай құтқару қызметінің нөміріне хабарласу керектігі ескертілді.
Жамбыл облысы ТЖД