
Бүгін Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде №26 мектеп оқушыларына арналған Ашық есік күні өтті. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының мамандары оқушыларға өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы туралы айтып, олардың күнделікті қызметімен таныстырды. Іс-шара барысында кәсіби бағдар беру жұмыстары да жүргізіліп, оқушыларға М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына түсу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, оқушылар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан батырлардың ерлігімен танысты. Жамбыл облысының өртке қарсы қызметінің тарихы музейі де оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, ерлік пен батырлыққа деген құрметін арттырады.
Жамбыл облысы ТЖД