Мамандар брифингке қатысты

Мамандар брифингке қатысты

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингке қатысты. Кездесу барысында өңірдегі өрт жағдайы, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар және заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат берілді. Департаменттің мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 104 өрт тіркелген. Өрт салдарынан 2 адам түрлі жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. Өрттің негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі және отты абайсыз пайдалану. Сонымен қатар, өңірде профилактикалық жұмыстардың белсенді жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, көміртек тотығын анықтайтын датчиктер орнатылған. Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі айлықтары ұйымдастырылып, тұрғын үйлерді аралау және халыққа нұсқаулық беру жұмыстары жүргізілуде. Брифинг барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Аталған өзгерістер адамдар жаппай жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу тәртібіне қатысты.

Жамбыл облысы ТЖД