Жамбыл облысы ТЖД жеке құрамымен профилактикалық семинар өтті

Жамбыл облысы ТЖД жеке құрамымен профилактикалық семинар өтті

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрам арасында суицидке тәуекелділіктің алдын алу, құмар ойындардың (лудоманияның) зардаптарын түсіндіру және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлердің психологиялық саулығын қолдау, қауіп факторларын ерте анықтау және алдын алу шараларын күшейту болды. Шара барысында кіріспе сөз алған ТЖД психологы, азаматтық қорғау подполковнигі Назира Ақылова семинарды ашып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды. Ол қазіргі қоғамда құмар ойынға тәуелділік пен психологиялық күйзелістің артуы қызметтік ортада да назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Қызметкерлердің эмоционалдық тұрақтылығы мен қолдау жүйесін қалыптастыру – қауіптің алдын алудың маңызды тетігі екені айтылды. Іс-шара барысында құмар ойынға тәуелді адамдардың тағдыры туралы деректі фильм көрсетіліп, оның психологиялық және әлеуметтік салдары талқыланды. Бұл бөлім қатысушыларға лудоманияның жеке адамға ғана емес, оның отбасы мен қызметтік міндеттеріне де кері әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Семинардың негізгі баяндамасын М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік психология кафедрасының аға оқытушылары Айгүл Абдрахманова мен Раушан Байбосынова жасады. Олар «Лудомания – қоғам дерті, ХХІ ғасырдың әлеуметтік мәселесі» тақырыбында құмар ойынға тәуелділіктің себептері, оның алдын алу жолдары және психологиялық көмек көрсету тетіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Мамандар тәуелділіктің уақытылы анықталуы мен қолдау көрсету жүйесінің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының өкілі Тоғжан Нұржанова суицидке тәуекелділіктің алдын алу бойынша сұрақ-жауап форматында кері байланыс жүргізді. Қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, күйзеліс белгілерін тану, әріптестерге қолдау көрсету және кәсіби көмекке жүгіну жолдары жөнінде нақты кеңестер алды. Іс-шара соңында Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бекзат Бакжанов жеке құрам арасындағы құқықтық тәртіпті сақтау, тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және ұжымдық жауапкершілікті күшейту мәселелеріне тоқталып, қорытынды сөз сөйледі. Сонымен қатар, заң мен тәртіпті сақтау жөніндегі негізгі қағидалар түсіндірілді. Семинарға қатысқан мамандарға алғыс хаттар табысталды. Семинар барысында айтылған негізгі ой – лудомания мен суицидтік тәуекел жай ғана жеке мәселе емес, қоғам мен ұжым үшін маңызды әлеуметтік-психологиялық мәселе екендігі, «Лудомания — бұл ермек емес, бұл психологиялық тұзақ екендігі тілге тиек етілді. Ал суицидтік ойлар — сол тұзақтан шыға алмаған сәтте туындайтын қате қадам. «Кез келген қарыздан, кез келген тығырықтан шығар жол бар» деген үндеу қатысушыларға айтарлықтай ой салды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын арттыруға, ұжымдық қолдау мәдениетін қалыптастыруға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Жамбыл облысы ТЖД