
Өткен жексенбі күні Тараз қаласының тұрғыны Сакен Сагиндыков қаладағы шағынаудандардың біріндегі су арнасының маңынан өтіп бара жатып, төтенше жағдайдың куәсі болды. Бес жасар бала тайып құлап, мұз астына түсіп кеткен.
Ерлік пен батылдық танытқан азамат баланы жедел түрде судан шығарып, жақын маңдағы фитнес-орталыққа жеткізді. Ол жерде бала ата-анасы келгенше жылы жерде болды. Оқиға туралы полиция қызметкерлеріне хабар беріліп, кейін бала заңды өкілдеріне тапсырылды.
Бейжай қарамай, дер кезінде әрекет еткен азаматтың арқасында баланың өмірі сақталды. Осыған байланысты Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті Сакен Махамбетовичке көрсеткен батылдығы, жоғары азаматтық жауапкершілігі және төтенше жағдайда дұрыс әрекет еткені үшін шынайы алғысын білдірді. Батырға Департамент атынан Алғыс хат, сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінен бағалы сыйлық табысталды.
Жамбыл облысы ТЖД