
Бүгін Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрғали Битөреұлы Байжигитовті салтанатты түрде зейнетке шығарып салу рәсімі өтті. Облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаков арнайы жиналыс барысында Нұрғали Битөреұлының қызметтегі біліктілігі мен іскерлігіне, жалпы игі істеріне тоқталып, оның қызметіне жоғары баға беріп, бүгінгі зейнетке шыққан қуанышты сәтімен құттықтады. Одан әрі Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында зейнеткерді өрт сөндірушілердің өзіндік ерекше дәстүріне сай үстіне су шашып, құрметпен шығарып салды. Нұрғали Байжигитов 1979 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген. Ол өзі туып өскен ауылдағы С.Сейфуллин атындағы №15 орта мектебін аяқтаған соң, 1997-2002 жылдар аралығында сол кездегі Тараз мемлекеттік университетінің гидрокешенінде механикалық мамандығын тәмамдаған. Ол ең алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы «Бителеком» фирмасында маман болып бастаған. Ал 2006 жылы Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт техникалары бөлімінде инженер лауазымына орналасып, аталған бөлімнің бастығы лауазымына дейін жоғарылаған. 2013 жылы Бішкек қаласындағы Техникалық институтты «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қосымша тәмамдаған Нұрғали Битөреұлы қызмет жолында түрлі сипаттағы өрттер мен апаттарды жою жұмыстарына белсене қатысқан. Атқарған еңбегіне орай ол «Өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін ІІІ және ІІ-дәрежелі» медальдарымен, сондай-ақ «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Бүгінде 4 ұл, қызға өнегелі тәрбие беріп келе жатқан Нұрғали Битөреұлын зейнетке шыққан қуанышымен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, өзіне қыстай қатал денсаулық тілейміз.
Жамбыл облысы ТЖД