Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі

Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі

ТЖД мәжіліс залында «Отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» және «Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі» тақырыптары бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Балнұр Ерден және Жамбыл облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының психологы Зухра Джургараева қатысты. Спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің құқықтық негіздері, Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ Жамбыл облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы ағымдағы жағдай туралы айтып берді. Дөңгелек үстел барысында мемлекеттік құрылымдар мен құқық қорғау органдарындағы әйелдердің рөлін кеңейту, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және оның қауіпсіздік секторында алдын алу мәселелері талқыланды. Сот төрелігін қамтамасыз етуде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруда, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда және әйел қызметкерлердің кәсіби бірлестіктерін қолдауда әйелдердің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Кездесу психолог Зухра Джургараева өткізген әйелдер ұжымы үшін көшбасшылық бойынша тренингпен аяқталды. Тренинг аясында қатысушылар «Тұлғалық өсу тренингі», «Көшбасшылық дағдылары», «Тұлғааралық тиімді қарым-қатынас тренингі» және «Жанжалдардың алдын алу» сияқты бірнеше сессиядан өтті. ТЖД-да осындай тренингтер өткізу әйелдер көшбасшылығын дамыту үшін өте өзекті және қажет.

Жамбыл облысы ТЖД