Таразда балық аулаушыларға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді

Таразда балық аулаушыларға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді

Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Талас өзенінің бойында балық аулаушылармен және балық аулау құралдарын сататын дүкен иелерімен судағы қауіпсіздік талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің маңыздылығына тоқталып, өзен жағасында және қайықта жүріп-тұрудың негізгі қағидаларын түсіндірді. Тұрғындарға құтқару кеудешесін кию, өзеннің ағысы мен тереңдігін ескеру, тайғақ және опырылмалы жағалаулардан сақтану, түнгі уақытта жарықсыз балық ауламау, балаларды су маңында қараусыз қалдырмау сияқты маңызды кеңестер берілді. Сонымен қатар балық аулау құралдарын сататын дүкендерге келушілерге судағы қауіпсіздік жөніндегі жадынамалар таратылып, дүкен иелеріне келушілерге алдын алу ақпаратын жеткізудің маңыздылығы түсіндірілді. Бұл шаралар өзен маңында орын алуы мүмкін жазатайым жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың судағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталды. Осындай профилактикалық жұмыстар қала аумағында алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жамбыл облысы ТЖД