Жалпы кез-келген қызмет түрін алып қарайтын болсақ әр салада 30 жылдан астам еңбек етіп, ауқымды істерімен көзге түсіп, қызмет барысында адалдығымен танылып, өзгелерге үлгі боларлық бетке ұстар азаматтары болатыны анық. Бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған азамат дәл осындай жандардың қатарынан ойып тұрып орын алары сөзсіз.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Нұрғалиұлы Сабиров 1966 жылы 13 қаңтарда Жамбыл облысы, сол кездегі Свердлов ауданы (қазіргі Байзақ ауданы), Сухамбай ауылында дүниеге келген. Мектептегі жақсыға тәмамдаған ол 1983-1986 ж.ж. ҚР ІІМ АӘТУ курсанты болса, 1996 жылы Өзбекстан Республикасы ІІМ Ташкент жоғары өрт – техникалық мектебін аяқтайды. Қызметті қарауыл бастығынан бастаған Т.Сабиров бірнеше баспалдақтардан өткен. 2005 жылдың ақпан айынан бастап «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Жамбыл облыстық филиалы бастығының қызмет жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 2013 жылдың наурыз айында Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы болып тағайындалады. Ал 2015 жылдың ақпан айынан бастап Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары ретінде қызметін жалғастыруда.
Талғат Нұрғалиұлы Сабиров осынау қызмет жылдарында облыс аумағында орын алған ірі өрттерді сөндіру жұмыстарының бел ортасында жүріп, әрдайым жедел әрі дұрыс шешім қабылдай білуінің нәтижесінде өрттер мен түрлі сипаттағы апаттар қысқа мерзімде жойылып отырды. Талғат Нұрғалиұлының осындай шапшаңдығы мен өрт немесе ТЖ кезінде жеке құрамды жоғары деңгейде басқара білетін қабілетін байқаған жоғарғы басшылық оған үнемі қиын әрі қауіпті өрттер мен апаттарды жою жұмыстарын сеніп тапсыратын. Аталған салада 40 жылға жуық тер төгіп келе жатқан Талғат Нұрғалиұлы қатысқан өрттер мен апаттар жөнінде таңды таңға жалғасақ та естеліктер таусылмасы анық. Сондықтан бірді-екілі оқиғаға тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
1988 жылдың көктем айы. Сағат түнгі 11-лер шамасы болатын. Ол кезде Талғат Сабиров №22 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары қызметінде жүрген кезі болса керек. Өрт сөндіру байланысының орталык пунктіне электр қуатын өндіретін №51 цехта өрт болып жатқаны жөнінде хабар келіп түседі. Дабыл бойынша гарнизондағы күштер мен құралдар көтеріліп, оқиға орын алған жерге жеткен кезде 4 қабатты ғимараттың отқа оранып жатқанын көреді. Ойлануға мұрсат жоқ от жауынгерлері қызыл жалынға оранған ғимарат ішіне қойып кетеді. Ал ішке кірген от жауынгерлерін тырнағына іліндірдім деді ме екен өрт одан әрі өрши түседі. Көп ұзамай өртенген төрт қабатты цехтың төбесі опырылып, ортасына құлайды да айналаны қара түтін мен шаң қабаттаса басып, көзге ештеңе шалынбай қалды. Мұны көрген сырттағы жұрт «өлетін болды-ау мыналар. Кіріп несі бар еді. Сырттан сөндірсе болмас па еді?!» деп шу ете түседі. Бақсақ бақа екен демекші жалпы ғимарат төбесі опырылып құлағанда іште қалған от жауынгерлерінің оқиғасы былайша өрбіген. Талғат Нұрғалиұлы бастаған газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны табалдырықтан аттамай жатып-ақ ғиамарат тқбесі опырылып құлағанда бұлар есік жақтауларына сүйеніп, бір-біріне жабысып тұра қалған. Одан әрі жан-жағын жедел бағдарлап үлгерген олар оқпандарын қызыл жалынға бағыттап су беруді тоқтатпаған. Тіиіснше сырттағы от жауынгерлері де жоғарыдан су беріп, нәтижесінде қою түтін мен шаң сейіліп, көп ұзамай іштен қара күйеге көмілген жігіттер сыртқа дін аман шыққан.
Сондай-ақ 2005 жылдың 5 ақпанында сағат 15.00 шамасында Құмшағал станциясының жанында орналасқан «Әулие ата әуежайының» жанар-жағармай қоймасында өрт орын алғандығы жөнінде хабар түседі. Шұғыл түрде №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен екі бөлімше және Кезекші өрт сөндіру қызметі жолға шығады және күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының бастығы Әбсамат Серікбаев та Талғат Сабировтің жанына табыладыоқиға барысында жанармай қоймасының аумағында теміржол үстінде тұрған төрт цистернаның біреуі жанып жатқанын және екіншісін де жартылай от шала бастағандығын, сондай-ақ әлгі цистернаның жанында жанармай тасымалдайтын КамАЗ шассиіндегі автоцистернаның толығымен отқа оранғандығын байқайды. Бірінші келіп жеткен бөлімше және Өрт сөндіру басшысының орынбасары Бешли – оғлы Юсуп оң шешім қабылдай біліп, жанып жатқан цистернаның жанындағы мың тонналық жанармай құйылған цистернаға сыртынан оқпанмен су бергізуге шұғыл бұйрық берді. Өйткені сыртынан су беріп салқындатпаса жанып жатқан жанармайдың ыстығынан мың тонналық цистерна жарылуы ықтимал болатын. Оқиға орнына жеткен «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Сабиров Талғат Нұрғалиұлы басшылықты өз қолына алып, барлық өрт сөндіру автомашиналарын көбік шашуға дайындауға бұйырады. Осы кезде Ә.Серікбаев өрт сөндіргіш автокөліктерін көбік шашуға дайындағанға дейін жанып жатқан цистернаға тоқтатпай су шашып тұрып, оған жалғасып тұрған цистернаны ағытып жылжыту үшін күштерді жұмылдырады. Бірақ жақындауын жақындағанмен ажырату қиынға соғады. Қалай ажырату керек екенін білмей тұрған кезде дабыл бойынша оқиға орнына жеткен Тараз қалалық №4 Өрт сөндіру бөлімінің бастығы Архабаев Керімхан бұлардың жанына келеді. Ол бұл жөнінде жақсы білетінін айтып, тез арада цистернаның астына кіріп әп сәтте ажырата қояды. Содан кейін жеті адам цистернаның астына кіріп, екі цистернаны лом көмегімен 10 метрдей жерге итеріп жылжытады. Әйтпегенде от жалыны аталған цистерналарға өтіп кету қаупі туындаған еді Осылайша автоцистернаға көбік шашуға мүмкіндік пайда болды. Дегенмен, жау жағадан алғанда, бөрі ектен алдының кері келіп жақын төңіректе су алатын жер табылмай күрделі мәселеге айнала бастайды. Жанармай қоймасының өрт сөндіруге арналған су сақтайтын орны өте биік жерде орналасқандықтан, оған автоцистерналардың жақындауы оңайға түспеді. Қыс айының бел ортасы болғандықтан, автоцистерналардың дөңгелектері тайғанап, жоғарыға шыға алмай жатты. Осы «Әулие Ата» әуежайының сыйымдылығы 20 тонна болатын өрт сөндіру автокөлігі «Ураган» автоцистернасы насостары істен шыққандықтан да су бере алмады. Осыдан-ақ өрттің одан әрі жайылуы себебін түсінуге болады. Өрт сөндіру гарнизоны кезегімен келіп суды тоқтатпай бергендіктен жарты сағат аралығында өрт толықтай сөндіріледі. Ал егер дер кезінде өрт сөндірілмеген жағдайда жанармай сақтайтын орынның күлі көөке ұшып, маңайдағы тұрғындардың өміріне қауіп төндірер еді.
2010 жылы Өрт сөндіру байланысының орталық пунктіне «Жамбылхиминвест» АҚ-нан жанар-жағар май цистернасы жанып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен. қалалық өрт сөндіру бөлімдерінен 4 автокөліккі шұғыл мінген от жауынгерлері оқиға орнына жектенде 10 тонналық цистерна жарылып, жарылыстан әуеге көтеріліп 100 қадамдай жерге барып түскен. Әрине мұндай жағдайда өртті сөндіру былай тұрсын, тіпті өз өмірлеріне де үлкен қауіп төніп тұрғандығын барлығы да жақсы түсінеді. Дегенемен тәуекелді серік еткен Талғат Нұрғалиұлы бастаған от жауынгерлері одан әрі екінші резервуардағы өртті сөндіру жұмыстарымен айналысады. Дегенмен іші мазутқа толы резервуар одан әрі өршуін тоқтапайды. Тіпті 20 метрден астам биікке көтерілген қара түтінді қала жұртшылығы түгелдей дерлік байқайды. Суды айтпағанда өртке шашылған көбіктің өзі түгесіліп, іле-шала келіп жеткен өрт сөндіру пойызының да өртке қарсы қолданатын көбігі таусылуға айналады. Өрт сөндірушілердің үстіндегі ыстық өткізбейтін арнайы киімдері және каскалары жалаңдаған оттың қызуына шыдамай еріп, жарамсыз болып қалып жатты. Міне осындай күрделі жағдайларға көз жіберіп-ақ тілсіз жаумен тайталасқан сөндірушілердің еңбегін нағыз ерлік деп бағалауға әбден болатын еді.Осы тұста теміржол вокзалына қарасты қоймада көбік бар екенін анықтаған Талғат Нұрғалиұлы шұғыл түрде байланысқа шығып, 1 тоннаға жуық көбіктің оқиға орнына жедел түрде жеткізілуін қамтамасыз етіп, 17 сағатқа созылған өртті асқан қиындықпен ауыздықтап, түгелімен жояды.
Мұнан өзге Т.Сабиров түрлі сипаттағы табиғи апаттарды жою кезінде де үнемі тек жақсы қырынан көріне білді. Тауда орын алған өртті жоюға аттанған от жауынгерлері Талғат Сабиров пен Әбсамат Серікбаевтардың тобына қосылуға жүректері дауаламайтын. Себебі Талғат пен Әбсамат секілді қос тарлан тастан тасқа таутекеше секіріп, таудың ұшар басына шыққанша дамыл таппайтын. Ал өзге қызметкерлер олардың шаңына да ілесе алмай төменде қалып қоятын жағдайлар жиі ұшырасатын.
Волейболда ұпай есеп ашатын,
Бойы ұзын теректен де асатын.
Дегенмен де тауға бірге шығудан,
Жұмыстағы бүкіл боец қашатын, - деген өлең жолдары да сол кезде көптің аузында жүрген еді.
Жалпы Талғат Нұрғалиұлы Сабиров атқарған еңбегіне орай төмендегі марапаттарға ие болды. Төтенше жағдайларды жою және алдын алудағы мемлекеттік жүйесінің дамытуға және нығайтуға қосқан айтарлықтай үлесі үшін, қызметтік міндеттерін үздік орындағаны үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрілігінің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар органдарының ардагері» және «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» І, ІІ, ІІІ дәрежелі медальдарымен, Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» және «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» кеуде белгілерімен, «ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Ар.Намыс.Абырой», «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Өртке қарсы қызметіне100 жыл» мерекелік кеуде белгілерімен марапатталған
Бүгінде Талғат Нұрғалиұлы асыл жары екеуі екі ұл тәрбиелеп отырған ұлағатты отбасы.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының баспасөз хатшысы Нурболат Умирзаков