
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы және қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері күн сайын қала тұрғындарының үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Рейдтік іс-шаралардың басты мақсаты — тұрмыстық өрттердің алдын алу, улы газбен улану оқиғаларына жол бермеу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Құтқарушылар азаматтарға жылыту құралдарын, электр сымдары мен тұрмыстық пештерді дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіріп, өрт шыққан жағдайда қалай әрекет ету керектігін еске салады. Сондай-ақ, қазіргі таңда ақпараттық жұмысты жаңа форматта жүргізуде — дәстүрлі қағаз жадынамалардың орнына заманауи QR-кодтар қолданылуда. Азаматтар смартфон арқылы QR-кодты сканерлеп, өрт қауіпсіздігі ережелерімен онлайн таныса алады. Бұл тәсіл ақпаратты жылдам әрі ыңғайлы жеткізуге мүмкіндік беріп, тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Тараз қаласының ТЖ басқармасы тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жақындарының амандығына бейжай қарамауға шақырады.
Жамбыл облысы ТЖД