Өрт сөндіруші-құтқарушыны құрметпен зейнетке шығарып салды

Өрт сөндіруші-құтқарушыны құрметпен зейнетке шығарып салды

Бүгін Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Тараз қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы ұзақ жылдар бойы өздерімен бірге иық тірестіре қызмет атқарған бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Айдар Таласбаевты зейнеткерлікке шығуына орай зор ілтипатпен шығарып салды. Айдар Таласбаев азаматтық қорғау саласындағы еңбек жолын қарапайым өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымынан бастап, өзінің адалдығы мен табандылығының арқасында бөлімше командирі дәрежесіне дейін көтерілді. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы халық игілігі үшін қызмет етіп, сан алуан сипаттағы өрттерді, атап айтқанда тұрмыстық, дала өрттеріне дейін жою жұмыстарына белсене қатысып, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларында ерекше көзге түсті. Өміріне қауіп төнген талай жанды ажал тырнағынан құтқарып қалған Айдарды бейбіт күннің батырларының бірі деп толық айтуға негіз бар. Қызмет атқарған жылдары ол «Өртке қарсы қызмет саласындағы мінсіз қызметі үшін» ІІІ және ІІ дәрежелі медальдарымен марапатталды. Бүгінде оның тәлімін көрген жас мамандар ел амандығы жолында аянбай еңбек етуде. Әріптестері Айдарды зейнетке шығуымен шын жүректен құттықтап, отбасының амандығы мен берекесін тіледі. Іс-шара соңында жеке құрам оны өрт сөндірушілердің ежелгі дәстүріне сай үстіне су шашып, құрметпен шығарып салды.

Жамбыл облысы ТЖД