Жуалы ауданының өрт сөндірушілер династиясы

Жуалы ауданының өрт сөндірушілер династиясы

Өрт сөндіруші болу – бұл күн сайын адам өмірін қорғауға аттану, ерлік пен жанқиярлық таныту деген сөз. Бұл жай ғана мамандық емес, бұл – нағыз ерлік, өмірлік ұстаным. Осындай кәсібіне адал қызметкерлердің бірі – азаматтық қорғау кіші сержанты Бақдәулет Тұран. Оның бұл жолды таңдауы бекер емес: ол өзінің өмірін өрт сөндіру қызметіне арнаған әкесінің жолын жалғап келеді. Бақдәулет азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2022 жылдың наурыз айында Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы ретінде бастады. Сол жылдың маусым айында Жуалы ауданына ауыстырылып, №7 өрт сөндіру бөлімінде осы қызметін жалғастырды. Қызмет еткен жылдары ішінде ол бірнеше төтенше жағдайларды жоюға қатысып, сол сәттерде батылдық, сабырлылық және күйзеліс жағдайында дұрыс шешім қабылдау қабілетін көрсете білді. Бақдәулет үшін бұл мамандық – саналы таңдау. Оның әкесі – Қажымұхан – өмірінің көп бөлігін өрт сөндіру саласына арнап, нағыз кәсіби маман ретінде үлгі бола білді. Бала кезінен әкесінің қызметін көріп өскен Бақдәулет осы салаға деген құрметті жүрегіне сіңіріп, әке жолын жалғастыруғабел буды. Бүгінде Бақдәулет – жас болса да, тәжірибелі, өз ісіне шын берілген маман. Оның қызметі – әке ісінің лайықты жалғасы, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Мұнда мамандыққа деген сүйіспеншілік, борыш сезімі мен көмекке әрдайым дайын болу – отбасы құндылығы ретінде берілген.

 

Жамбыл облысы ТЖД