Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай Тараз қаласында ерекше әрі маңызы бар қоғамдық көлік аялдамасының құрылысы аяқталды.
№4 Өрт сөндіру бөлімі жанынан орын тапқан бұл жаңа аялдама нағыз өрт сөндіру көлігінің кабинасы түрінде жасалған. Ол қала келбетін айшықтап, тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын тудырып отыр.
Аялдаманың басты ерекшелігі – оның тек сыртқы келбеті ғана емес, сонымен қатар мазмұнды әрі пайдалы түрде ойластырылған функционалдығы.
Дизайнда ерекше элементтер қолданылды: қоқыс жәшігі ескі 50 литрлік өрт сөндіргіштен жасалған, ал жарық шамдары – 5 литрлік өрт сөндіргіштерден қайта өңделіп жасалды. Аялдаманың алдыңғы жағында көзге бірден түсетін “112” нөмірі жазылған – бұл төтенше жағдайларда уақытылы көмекке жүгінудің маңыздылығын еске салады.
Аялдама бүгінде жастар мен қала тұрғындары үшін ерекше орынға айналып, көпшіліктің суретке түсетін сүйікті жеріне айналды. Бұл нысан қауіпсіздік мәдениетін дәріптеуге, құтқарушы мамандығына деген құрметті арттыруға және өскелең ұрпақтың жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жамбыл облысы ТЖД