Облысымызда бейбіт күннің батырлары аз емес. Солардың бірі – Төтенше жағдайлар министрлігімен құрдас, азаматтық қорғау сержанты Ерқанат Абдразаков. Ол Т. Рысқұлов ауданы Төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №10 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі болып қызмет атқарады. Бұл – өз өмірін өзгенің амандығына арнаған нағыз ержүрек азамат. Ерқанат – өз ісінің шебері, тәжірибелі маман. Ол күн сайын табиғи апаттарда, төтенше жағдайларда, өрт кезінде және басқа да қауіпті оқиғаларда адамдардың өмірін құтқару үшін алдыңғы шепте жүреді. Оқиға орнына жеке құрамды уақытылы жеткізіп, өрт сөндіру барысында судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді. Көп жағдайда өртті сөндірудің сәттілігі дәл осы іс-қимылдарға байланысты. Оның ерлігі, сабырлылығы мен кәсібіне адалдығы әріптестері мен жастарға үлгі. Төтенше жағдайлар саласындағы қызмет – күн сайын қауіп пен қатерге толы. Алайда Ерқанат Абдразаков сынды қызметкерлер қиындықтан қаймықпай, халқына адал қызмет етеді, қабылдаған антына берік. Біз осындай азаматтармен мақтанамыз. Олар – бейбіт заманның нағыз қаһармандары. ТЖМ қатарында осындай абзал жандардың болуы – халқымыздың қауіпсіз болашағына деген сенімді нығайтады.
Жамбыл облысы ТЖД