Жамбыл облысында жедел штаб жұмысын жалғастыруда

Жамбыл облысында жедел штаб жұмысын жалғастыруда

2025 жылдың 8 шілде күні сағат 14:30-да Астана уақыты бойынша Жамбыл облысы аумағында магнитудасы 5,5 баллх жер сілкінісі тіркелді. Эпицентрі Алматы қаласынан 334 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан. Жер сілкінісі облыстың бірқатар елді мекендерінде 2-ден 6 баллға дейінгі сезілу күшінде байқалды. Сейсмикалық белсенділікке байланысты Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жергілікті және республикалық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру, ақпаратты жинақтау мен талдау және барлық бөлімшелердің ықтимал салдарға дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық жедел штаб дереу құрылды. Штаб құрамына ТЖД, полиция, медицина, энергетика, көлік, білім беру басқармалары және басқа да өмірлік маңызы бар ұйымдардың өкілдері кірді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында аудандық жедел штабтар да құрылды. Сағат 17:00-дегі жағдай бойынша азаматтардан 24 ақпараттық сипаттағы қоңырау келіп түсті. ТЖД психологтары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті кеңестер беруде. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметтері елді мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жалғастыруда. Барлық өмірлік маңызды нысандар, көлік инфрақұрылымы мен қауіпті өндірістік объектілер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жамбыл облысының ТЖД азаматтарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

 

Жамбыл облысы ТЖД