Тараз қаласындағы балабақшада танымдық кездесу өтті

Тараз қаласындағы балабақшада танымдық кездесу өтті

Бүгін Тараз қаласындағы №45 балабақшада қызықты да танымдық кездесу өтті. Бүлдіршіндерге қонақ ретінде Жамбыл облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері келді. Іс-шараны Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы өскелең ұрпақпен профилактикалық жұмыс жүргізу аясында ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – балаларды ойын түрінде өрт сөндіруші мамандығымен және қауіпсіздік ережелерімен таныстыру. Балалар өрт сөндіру техникасын қызығушылықпен тамашалап, құтқарушылардың әңгімелерін ұйып тыңдап, сұрақтар қойды. Балаларға ерекше әсер қалдырған сәт – дәстүрлі «өрт сөндіруші душы» болды. Өрт сөндіру лафетінің көмегімен шашыраған қауіпсіз су бұрқағы балаларға шаттық пен қуаныш сыйлады. Бұл шара өрт сөндірушілердің ержүрек қана емес, мейірімді жандар екенін көрсетіп, балалардың есінде ұзақ сақталары анық. Тараз қаласы ТЖ Басқармасы мұндай дәстүрді алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Себебі балаларға қауіпсіздік негіздерін үйрету – кішкентай кезден басталуы тиіс. Ал бұл білім қызықты әрі қуанышпен қабылданса, тіпті жақсы!

 

Жамбыл облысы ТЖД