Тараз қаласындағы «Shanyraq kids» балабақшасында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасы мен №20 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, шығармашылық ашық есік күні өткізді.
Балалар үшін ең үлкен тосынсый — балабақша ауласына нағыз өрт сөндіру көлігінің келуі еді. Сиренаның дауысы, жарық шамдары, қызыл түсті техника мен арнайы киімдегі батыр өрт сөндірушілер бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды.
Өрт сөндірушілер балаларға өз мамандықтары туралы айтып беріп, арнайы құрал-жабдықтарды көрсетті, тіпті өрт сөндіру көлігінің кабинасына отырып көруге мүмкіндік берді. Интерактивті форматта балалар өрт болған жағдайда не істеу керек, қауіп кезінде қалай әрекет ету қажет және отпен ойнауға болмайтыны туралы мағлұмат алды.
Ерекше назар 112 шұғыл қызмет нөміріне аударылды. Балалар бұл нөмірді есте сақтау үшін оны дауыстап қайталап отырды.
Жамбыл облысы ТЖД