Қазақстан Республикасында жыл сайын 23 маусымда Мемлекеттік қызметшілер күні аталып өтеді. Бұл күн мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуына өз үлесін қосып жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегінің маңыздылығын айқындайтын кәсіби мереке.
Мемлекеттік қызмет — бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл — жоғары кәсіби біліктілік пен жауапкершілікті, әділдік пен ел мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін өмір салты. Осы асыл қасиеттердің жарқын үлгісі ретінде Түсіпов Даниярбек Нұраддинұлының есімін ерекше атап өтуге болады. Ол өзінің 30 жылдан астам өмірін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына, қадағалау мен халық өмірі үшін маңызды нысандарды қорғау ісіне арнаған.
Еңбек жолын газ жабдықтарына қызмет көрсететін шебер ретінде бастаған ол бүгінгі күні Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының басшысы лауазымына дейін көтеріліп, табандылық пен нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетті. Өз саласында тәжірибесі мол, кәсіби беделі жоғары, белсенді азамат ретінде танылған маман.
Оның кәсіби өмірбаянының ерекше кезеңі — Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесіндегі қызметі. 2002 жылдан бастап Даниярбек Нұраддинұлы түрлі жауапты қызметтер атқарып, Жамбыл облысында өнеркәсіптік және техногендік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне зор үлес қосып келеді. Оның басшылығымен төтенше жағдайлардың алдын алу, бақылау жүйесін жетілдіру және кадрларды даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін Түсіпов Даниярбек Нұраддинұлы келесі марапаттарға - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің алғыс хаты; Қазақстан Республикасы ТЖ Министрінің Құрмет грамотасы; «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттардың көптеген алғыс хаттары мен грамоталарға ие болды:
Оның еңбегі — жас мамандар мен мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азаматтар үшін үлгі. Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында Даниярбек Нұраддинұлы сияқты азаматтарға ел игілігі жолындағы еңбегі үшін алғыс айтып, сәттілік тілейміз.
Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ