Мемлекеттік қызметке жан-тәнімен берілген жан

Мемлекеттік қызметке жан-тәнімен берілген жан

    

1996 жылдан бері Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде Татьяна Дмитриевна Мершиева қызмет етіп келеді. Ол үшін мемлекеттік қызмет – бұл абыройлы іс әрі саналы таңдауы болды.

     Татьяна Дмитриевна өзінің еңбек жолын Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар басқармасының байланыс және жүйелер жөніндегі жедел басқару бөлімінде жетекші маман ретінде бастады. Жылдар бойы адал еңбек етіп, ол өзін білікті, жауапты әрі сенімді маман ретінде көрсете білді. Оның кәсіби деңгейі, ұқыптылығы мен тапсырылған істерге байыппен қарауы әріптестерінің арасында зор құрметке ие.

     Қазіргі уақытта Татьяна Дмитриевна – мемлекеттік тілді дамыту және құжаттамалық қамтамасыз ету тобының бас маманы. Ол өз қызметінде ТЖМ жұмысының ерекшеліктерін терең меңгеріп, тәртіптілік пен ісіне адалдықты жоғары деңгейде ұштастырып келеді.

    Айта кетерлігі, Татьяна Дмитриевна барлық еңбек жолын бір мекемеде өткізді. Бұл – оның тұрақтылығы мен кәсіби адалдығының айқын көрінісі. Әріптестері оны жанашырлығы, адамгершілігі және ұжыммен тіл табыса білу қабілеті үшін ерекше бағалайды.

    Көпжылдық әрі жемісті еңбегі үшін Татьяна Дмитриевна Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің Құрмет грамотасымен, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен және жергілікті атқарушы органдардың алғыс хаттары мен грамоталарымен марапатталған.

     Татьяна Дмитриевна – тек кәсіби мемлекеттік қызметші ғана емес, сонымен қатар мейірімді ана және қамқор қыз. Ол екі тамаша бала тәрбиелеп өсіріп, отбасы құндылықтарын бәрінен биік қояды.

      Татьяна Дмитриевнаға зор денсаулық, отбасылық амандық, кәсіби табыс пен еңбегінің лайықты бағалануын тілейміз! Еңбегіңізден қуат алып, іскерлік пен адалдық үлгісі бола беріңіз!

 

Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ