Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жібек жолы ауданының жергілікті атқарушы органдарының өкілдерімен бірлесіп, облыс орталығы аумағында орналасқан су айдындарына рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейдтің негізгі мақсаты – шомылуға тыйым салынған, қауіпті су айдындарын анықтап, жаз мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды пысықтау. Рейд барысында демалушылар жиі жиналатын өзен, канал және басқа да су айдындарының жағалаулары тексерілді. Әсіресе, шомылуға арналмаған, бірақ жергілікті тұрғындар жиі баратын орындарға ерекше назар аударылды. Мамандар су жағасының жай-күйін, тереңдігін, ағыс күшін және суға кіру мүмкіндігін бағалады.
Нәтижесінде, шомылу үшін қауіпті деп танылған бірнеше учаске анықталып, оларда арнайы ескерту белгілерін орнату, қоршаулар қою және алдын алу іс-шараларын өткізу жоспарлануда. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылу – әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін – өмірге қауіпті екендігі ерекше атап өтіледі.
Мұндай іс-шаралар судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде жүргізіледі.
Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, тек арнайы жабдықталған шомылу орындарын таңдауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.
Жамбыл облысы ТЖД ИЖ және СКТ