Ерлік істері есімізде

Ерлік істері есімізде

ҰОС тыл еңбеккерлері-әрқашан назарымызда

2025 жылдың 9 мамыры – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы, тарихи әрі тағылымы терең күн. Бақытымызға орай, бүгінде сол бір зұлмат жылдардың тірі куәгерлеріне алғыс айтып, тағзым етуге әлі де мүмкіндік бар.

ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов және құрылымның қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлерді арнайы барып құттықтады.

Зоя Александровна Ларионова қонақтарды жылы қарсы алып, соғыс жылдарының қиыншылығын көз жасынсыз еске алу мүмкін еместігін айтты. Соғыс басталғанда бала кезі аяқталып, әкесі майданға аттанады. Ал өзі анасы және екі әпкесімен бірге колхозда еңбекке араласқан. Сол кезде Зоя Александровна небәрі 9 жаста болған. Егістікте өсірілген өнімдердің бәрі майдан үшін жиналды. Ал өздері аштықта, суықта, жоқшылықта өмір сүрді. Соғыстан кейін Зоя Ларионова өрт сөндіру бөлімінде жұмысқа орналасып, осында 29 жыл еңбек еткен. Негізгі қызметінен бөлек, кассир, әйелдер кеңесін кәсіподақ жұмыстарын да қатар алып жүрген.

«ШҚО ТЖД қызметкерлеріне алғысым шексіз – мені ұмытпай, туған бөлімге жиі шақырып тұрады. Әрине, бәрі жаңарып, жаңғырып жатыр. Қазіргі заманға сай техника мен құрал-жабдықтар бар. Бұның бәрін көріп, қуанып қайтамын. Ал мұнда жұмыс істейтін жастарға осындай жағдайларда қызмет ету – үлкен мәртебе», – дейді Зоя Александровна.

Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгердің жесірін Нина Никитична Таланованы Ұлы жеңіс күнімен құттықтады.  

Өскемен қаласының ТЖ басқармасының жеке құрамы мен «Jastar Oskemen» еріктілері «Ардағым – ардагерім» акциясы аясында тыл еңбеккері Нұрғати Төкежановаға көмек көрсетіп, ауласын тазалауға көмектесті. Кездесу барысында соғыс жылдарын еске алды.

Алтай ауданы Серебрянск қаласындағы №19 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тыл ардагері, Социалистік Еңбек Ері Герман Михайлович Котовты құттықтап, ауласын ретке келтіруге көмектесті, зейнеткер 1937 жылы дүниеге келген.

Катонқарағай ауданының құтқарушылары мен аудан әкімдігі тыл еңбеккері, Социалистік Еңбек Ері Мүбәрак Сафинді арнайы барып құттықтап, оған «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» медалін табыс етті.

Бұл – өткеннің ерлігіне деген құрметтің, жадымызда сақталған ұлы тарихтың белгісі.