ШҚО ТЖД ормандардағы өрттерге қарсы профилактикалық шараларды күшейтуде

ШҚО ТЖД ормандардағы өрттерге қарсы профилактикалық шараларды күшейтуде

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары орман алқаптарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторинг жүргізуде.

Профилактикалық рейдтік іс-шараларды өрт сөндірушілерден, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, полицейлер мен орманшылардан құрылған мобильді топтар жүзеге асыруда. Өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 101 рейд жүргізілді. Нәтижесінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша 41 адам, 336-бабы бойынша 12 адам, жалпы саны 53 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Рейд барысында құтқарушылар тәжірибе өткізіп, қараусыз қалған оттың қаншалықты қауіпті екенін және сөндірілмеген от немесе мангалдың ауқымды табиғи өртке қалай алып келетінін көрсетті.

ТЖД азаматтарды дала мен орман алқаптарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Табиғи өрттердің негізгі себептері – тұрғындардың отқа абайсыз қарауы, сөндірілмеген темекі, от жағу, сіріңкенің жануы, оқ атқаннан кейінгі ұшқын, майлы шүберек, күн сәулесін шағылыстыратын  шыны бөтелке, көлік сөндіргішінен шыққан ұшқын, құрғақ ескі шөптің жануы, найзағайдың төгілуі.

Табиғатқа немесе саяжайға шығатын тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске саламыз:

ашық жерде шөпті өртемеңіздер

орманды аймақта от жағуға тыйым салынады

балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер

жол жиегімен жүріп келе жатып, көлік терезесінен сөндірілмеген темекі тұқылын лақтырмаңыздар

өртті байқасаңыздар, дереу «101» немесе «112» нөміріне хабарласыңыздар