Аймақта тек демалыс күндері 169 гектар аумақта 60-тан астам шөп өртінің жағдайы тіркелді. Мұндай оқиғалардың негізгі себебі – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және азаматтардың отпен абайсыз әрекет етуі.
Өрттің алдын алу үшін аймақта 243 адамнан тұратын 46 мобильді топ құрылды, оған өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және орманшылар кіреді. Мобильді топтар профилактикалық рейдтер жүргізуде. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 21 адам Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 410-бабы бойынша және 11 адам 336-бабы бойынша жауапқа тартылды.
ШҚО ТЖД табиғатқа және саяжай учаскелеріне шығатын халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы еске салады:
-ашық аумақта шөпті ешқашан жағуға болмайды, әсіресе желді күндері;
-орман аймақтарында от жағуға болмайды;
-балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы түсіндіріңіз;
-жол жиектерінде келе жатып, автомобильдерден сөнбеген сіріңкелерді терезеден лақтырмаңыз;
-өртті байқасаңыз, дереу «101» және «112» телефондарына хабарласыңыз.
Саяжайшыларға өз учаскесінде келесі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажет:
-су құйылған бөшке немесе өрт сөндіру құралын сақтау;
-шөпті өртемеу.
Ескерту: Рұқсат етілмеген от жағулар, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөпті бақылаусыз жағу, егістік қалдықтарын өртеу, орман және дала аймақтарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.