Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «Қорғаушы» форумы

Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі «Қорғаушы» форумы

Өскеменде «Kazzinc» ЖШС ұйымдастырған қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өңірдегі өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру жөніндегі шараларды нығайтуға бағытталған «Қорғаушы» форумы өтті.

Форумға ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Ринат Имашев, ШҚО ТЖД өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ аумақтық бөлімшелердің қызметкерлері мен өңір кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Форум шеңберінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, өндірістік объектілердегі авариялар мен оқиғалардың алдын алуға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуге, мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ әлеуетті тәуекелдерді ескере отырып, өндірістердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Өндірістік қызметті жоспарлау, тәуекел деңгейі жоғары жұмыстарды ұйымдастыру және орындау, олардың қауіпсіз жүргізілуін бақылау шаралары, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында персоналды даярлау және оқыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум аясында мамандандырылған көрме де жұмыс істеді, онда еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы озық шешімдер, технологиялар мен жеке қорғаныс құралдары ұсынылды.

Форум өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдар, өндірістік кәсіпорындар мен сараптамалық қоғамдастық өкілдері арасындағы сындарлы диалог үшін маңызды алаңға айналды.