ШҚО құтқарушылары ант қабылдады

ШҚО құтқарушылары ант қабылдады

Ұлы Отан соғысы қаһармандары мен қаза тапқан жауынгерлерге арналған Мемориалдық кешен жанында Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жас құтқарушылардың ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Азаматтық қорғау органдарының қатарына жаңадан қабылданған жас қызметкерлер өз тәлімгерлері мен әріптестерінің көз алдында енді олардың күнделікті қызметіне бағыт-бағдар болатын қасиетті сөздерді үлкен мақтанышпен айтты. Олар ант мәтінін зор мақтанышпен оқып, мемлекетке қызмет етудегі жауапкершілікті, адалдықты және парызды терең сезінді. Құтқарушылар әскери қызметтің барлық қиындықтары мен ауыртпалықтарына төтеп беруге, жүктелген міндеттерді адал орындауға, қызметтік және әскери тәртіпті сақтауға ант берді.

Шығыс Қазақстан облысының ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Худяков жас мамандарды осы маңызды оқиғамен құттықтап, абыроймен қызмет етулеріне тілектестік білдірді.

«Ант – бұл халық пен Қазақстан Республикасына берілген адалдық анты. Бұл азаматтық қорғау органдарының мемлекеттік маңыздылығын айқындайтын акт болып табылады. Ант қабылдау күні жас қызметкерлердің жадында мәңгі сақталады, олар қандай қиындық пен сынақ болса да, абыроймен және ерлікпен өз аймағы мен оның тұрғындарын төтенше жағдайлардан қорғайтынына еш күмән жоқ», – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.