
Өңірде жылыту маусымы кезінде 276 өрт тіркелді. ШҚО ТЖД мамандары өрттердің негізгі себептері ретінде электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, отпен абайсыз әрекет жасау және пештерді пайдалану кезіндегі немқұрайдылықты атап өтті. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қауіпсіз емес тәсілмен күлді жою салдарынан тұрғын үйлерде өрттің жиі орын алғаны айтылды.
Жылыту маусымындағы өрттер салдарынан 18 адам көз жұмды. Пештерді уақытында тазаланбағаннан және қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан улы газбен улану салдарынан 21 адам зардап шекті. Тұрғындар арасында өрттің алдын алу және жағдайды тұрақтандыру мақсатында құтқарушылар тұрақты жұмыс жүргізуде. Осылайша, шамамен 146 000 үйге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу 33 000 үйде анықталса, құтқарушылардың алдын алу шараларының нәтижесінде 44 000 үйдегі кемшіліктер тұрғындар тарапынан жойылды.
ШҚО ТЖД азаматтарға келесі ережелерді сақтауды ескертеді:
Қорғаныс қабаты зақымдалған немесе тозған сымдар мен кабельдерді пайдалануға болмайды;
Үйде және пәтерде шылым шегуге және отпен абайсыз әрекет жасауға тыйым салынады;
Пештерді кемінде үш айда бір рет тазалау қажет;
Жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды бақылауды балаларға тапсыруға болмайды;
Пештерді шамадан тыс қыздырмау керек;
Жарықтары бар немесе ақаулы пештерді пайдалануға тыйым салынады;
Пештен алынған күл мен шлакты арнайы бөлінген, өрт шығу қаупі жоқ орынға төгіп, сумен сөндіру қажет.
Өрт болған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.