Қыс мезгілінде пешпен жылыту тұрғын үй секторында өрттің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Әсіресе, демалыс күндері жағдай ушыға түседі, өйткені үй иелері монша жағады.
2025 жылдың басынан бері облыс аумағында 33 пешке байланысты өрт тіркелді.
Жылыту маусымында құтқарушылардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Шығыс Қазақстан облысы ТЖД мамандары жүргізген 138 000-нан астам профилактикалық тексеріс барысында пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің 17 000-ға жуық бұзушылығы анықталды.
ШҚО ТЖД мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Өрттің алдын алу – мүлікті жалыннан қорғаудың ең тиімді жолы. Пешпен жылыту жүйесі техникалық тұрғыдан дұрыс жағдайда болуы тиіс.
Пешті қолдану кезіндегі басты ереже – оны қараусыз қалдыруға болмайды. Пештің шамадан тыс қызып кетуіне жол бермеу үшін оны күніне екі-үш реттен, бір жарым сағаттан артық жақпау ұсынылады. Ұйқыға жатардан үш сағат бұрын пешті жағуды тоқтату қажет.
Әр пештің алдында міндетті түрде 50 х 70 см көлеміндегі металл табақша төселуі тиіс. Ол ағаш еденді ұшқын мен түскен шоқтардан қорғайды.
Пешті бензин немесе басқа да тез тұтанғыш сұйықтықтармен жағу өте қауіпті.
Пештің үстінде киім мен шикі отынды кептіруге болмайды. Жиһаз, перде және басқа да жанғыш заттар пештен кемінде жарты метр қашықтықта орналасуы керек.
Пешті балаларға жағып, қарауды тапсырмаңыз!