2024 жылы Шығыс Қазақстан облысында 116 автокөлік өрті тіркелсе, ағымдағы жылдың басынан бері 7 жағдай орын алды. ШҚО ТЖД мәліметінше, автокөлік өрттерінің негізгі себептері – қысқа тұйықталу, автокөлік бөлшектерінің тозуы, қауіпті агрегаттарды абайсыз пайдалану.
ШҚО ТЖД автокөлік салонында әрдайым өрт сөндіргіштің болуын ұсынады. Оның жарамдылық мерзімін бақылап, уақытылы қайта толтыру қажет. Өрт сөндіргіш қолжетімді жерде тұруы тиіс, «заттарға толы жүксалғыштың түбінде» болмауы керек. Өйткені өртті сөндіруге кететін уақытты оны іздеуге жұмсамау қажет.
Егер көлік жүріп келе жатып жанса, дереу тоқтау қажет. Оталдырып тұрған қозғалтқышты сөндіріп, кілтті суырып алыңыз. Көлікті қол тежегішіне қойып, барлық жолаушылардың сыртқа шығуын қамтамасыз етіңіз. «101» немесе «112» нөмірлеріне шұғыл қоңырау шалыңыз.
Салоннан капотты ашатын рычагты тартып, өрт сөндіргішті алыңыз. Егер капот астынан жалын немесе қою түтін шықса, оны толығымен ашуға болмайды – оттегінің келуі жалынды бірден күшейтуі мүмкін. Өрт сөндіргіштің ұшын капот пен радиатор торының арасындағы саңылауға бағыттап, жалынды басыңыз.
Қолғап киіп, капотты толық ашып, өртті толық сөндіріңіз. Қайта тұтанудың алдын алу үшін аккумулятор клеммаларын ажыратыңыз.
Егер көлік тұрақта тұрса, әрекет ету алгоритмі сол қалпы қалады – «112» қызметіне қоңырау шалу, өрт сөндіргішті пайдалану, қолғап кию, аккумулятор клеммаларын ажырату.
ШҚО ТЖД көлігіңізді өрттен сақтау үшін оның техникалық жай-күйін мұқият қадағалап, уақытылы техникалық қызмет көрсетуден өтуді ұсынады. Қыс мезгілінде көлікті жылыту үшін қолдан жасалған қыздырғыш құрылғыларды, электрлі жылытқыштарды немесе дәнекерлеу шамдарын пайдаланбау қажет.