Улы иіс газының датчигі ШҚО-дағы тұрғын үйлерге барды

Улы иіс газының датчигі ШҚО-дағы тұрғын үйлерге барды

Жылу беру кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары пешпен жылытылатын үйлерде алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Рейдтердің нәтижелі болуы және тұрғындардың тазаланбаған пештердің қаупін, улы иіс газының зардаптарын түсінуі үшін ТЖД қызметкерлері Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандарымен бірге улы иіс газы датчигі түріндегі арнайы костюм жасап, оны киіп, еріктілермен тұрғын үйлерді аралады. Үй иелеріне «датчик» қыста пешті дұрыс жағу, ақауларды уақытында жоюдың маңыздылығы және қауіпті дер кезінде ескертіп отыратын ақылды құрылғының функционалдығы туралы айтып берді.

«Улы иіс газы – иісі мен түсі жоқ өте күшті улы газ. Датчик өз кезегінде «сигнализатор» қызметін атқарады. Бұл тұрғындарға өз өмірлерін сақтап қалу үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді, өйткені қайғылы жағдайлардың көбі түнде, адамдар ұйықтап жатқан кезде орын алады», – деп атап өтті ШҚО ТЖД.

«Жыл сайын апаттардың алдын алу мақсатында әлеуметтік осал отбасыларға улы иіс газының датчиктерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Соңғы жылдары аймақта шамамен 15 мың «ақылды» датчик орнатылды, олардың арқасында 42 адамның, оның ішінде 36 баланың өмірі құтқарылды», – деді ШҚО ТЖД МӨБ басқармасының басшысы Нұржан Өміржанов.

Құтқарушылар өмірлерін сақтап қалу үшін мынадай ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді:

-Пешті үш айда кемінде бір рет тазалап отыру.

-Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау.

-Қатты отынды жағуға тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбау.

-Пешті ұйқыға дейін бірнеше сағат бұрын жағуды тоқтату. Пеш жылуын сақтау мақсатында пеш жапқышын жауып жатады, ол  дұрыс емес. Оданда  аздап жылудың жоғалуы қауіпсіздеу болады, себебі көмір толық жанбағаннан иіс танып улану қауіпі төнеді.

-Желдетуді тексеріп отыру.