
Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында сел түзілу үдерістері кеңінен таралған. Облыстағы сел қаупі Зайсан, Алтай, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласы аумағында орналасқан 13 өзен бассейнінде тіркелген. Аталған аумақтағы 144 мореналық көл 13 селдің қалыптасу ошағын құрайды және 11 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін.
«Қазселденқорғау» мамандарының айтуынша, сел құбылыстары ұзақ уақытқа созылған нөсер жауын-шашыннан кейін немесе күшті жер сілкінісі кезінде ғана орын алуы мүмкін.
Облыста сырғыма қаупі бар учаскелер сирек кездеседі. Барлығы 9 учаске анықталған. Олардың басым бөлігі – өзен жағалауларының тік жарқабақтары мен автомобиль жолдары бойындағы тау беткейлерінің ойылған бөліктері. Бұл учаскелер Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандары мен Риддер қаласы маңындағы Громотуха, Үлбі (Уба), Черновая, Хамир, Бұқтырма және Кендірлік өзендерінің бассейндерінде орналасқан.
Сел қаупі кезеңі басталғаннан бері 9 маусымдық гидробекет және Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты өзенінде 1 жыл бойы жұмыс істейтін гидробекет қызмет атқаруда. Күн сайын тәулігіне үш рет барлық гидробекеттерден сел қаупі бар учаскелердегі гидрометеорологиялық жағдай туралы ақпарат беріледі.
Бүгінгі таңда облыстың барлық сел қаупі бар учаскелерінде (Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандары және Риддер қаласының маңы) жерүсті визуалды тексерулер жүргізілді. Сел және сырғыма қаупі бар аумақтарда ескерту және тыйым салу қалқандары мен жол белгілері орнатылған.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалының мамандары Катонқарағай ауданындағы Бұқтырма өзені бассейніндегі мореналық көлдерге әуеден визуалды тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша көлдердегі су деңгейі қалыпты жағдайда екені анықталды. Су ұстап тұрған бөгеттер тұрақты күйде, судың ағуы тұрақты жерүсті ағын арналары арқылы жүзеге асырылуда. Су арналарына эрозиялық үдерістер мен көшкін құбылыстарының әсері анықталған жоқ.
Жалпы, сел қаупі кезеңі басталғалы бері 69 жерүсті сел қаупі бар учаскеге және 45 сырғыма қаупі бар учаскеге тексеру жүргізілді. Жағдай тұрақты, қандай да бір қауіп анықталған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті және ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалы сел ағынынан сақтанудың ең тиімді жолы – оның жүру аймағына түспеу екенін еске салады. Осыған байланысты сел және сырғыма қаупі бар аумақтарда тауға шығудан уақытша бас тартуға кеңес береді.
Туристерге өз өңіріндегі сырғыма қаупі бар учаскелердің орналасу шекараларымен және ауа райы болжамымен алдын ала танысу ұсынылады.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.