ШҚО-да өрт қаупі жоғары кезеңде мобильді топтар профилактикалық рейдтер жүргізуде

ШҚО-да өрт қаупі жоғары кезеңде мобильді топтар  профилактикалық рейдтер жүргізуде

Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталуда. Өрт қауіпті маусым басталғалы өңірде 29 орман өрті тіркелді.

Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында облыста 48 мобильді топ жұмыс істеуде. ШҚО ТЖД бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп бүгінгі күнге дейін 620-ға жуық профилактикалық рейд өткізді.

Мобильді топтар аумақтарды патрульдеп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылайды, сондай-ақ құрғақ өсімдіктерді заңсыз өртеу деректерін анықтап, олардың жолын кеседі.

Рейдтердің нәтижесінде 174 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ерекше өртке қарсы режим қолданылатын кезеңде орман алқаптарына баруды шектеу ұсынылады.

От жақпаңыздар, қоқыс пен құрғақ шөпті өртемеңіздер, отпен жұмыс істегенде аса сақ болыңыздар. Балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін міндетті түрде түсіндіріңіздер.

Өртті байқасаңыздар, дереу 112 нөміріне хабарласыңыздар.