Өрт қауіпті кезеңдегі қауіпсіздік шаралары

Өрт қауіпті кезеңдегі қауіпсіздік шаралары

Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифингте ШҚО ТЖД бастығының бірінші орынбасары Фархат Әмір өрт қауіпті кезең басталғалы бері өрт сөндіру бөлімшелері құрғақ шөптің жануының 600-ден астам жағдайын жойғанын айтты.

«Орманды-дала аймағындағы өрт өте жылдам таралады, сондықтан оны болдырмаудың ең тиімді жолы – алдын алу. Желді ауа райында төменгі өрттен көптеген ұшқындар ұшып, аласа өсетін шыршалардың төменгі бұтақтарына түсіп, ағаштардың ұшар басына дейін жетуі мүмкін. Осылайша ең қауіпті әрі сөндіруі қиын жоғарғы өрт пайда болады. Айта кету керек, өңірімізде табиғи өрттер негізінен күрделі әрі жетуі қиын жерлерде орын алады», – деді Фархат Әмір.

Алдын алу шаралары туралы ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов баяндады. Облыс аумағында 15 орман өрті және 38 дала өрті тіркелді. Өңірде 48 мобильді топ құрылып, профилактикалық рейдтер барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 166 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Табиғи өрттердің негізгі себептері – тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі, сөндірілмеген темекі тұқылы, алау, жанған сіріңке, май сіңген шүберек, күн сәулесін шағылыстыратын шыны бөтелке, көлік құралдарының сөндіргішінен шыққан ұшқындар, құрғақ шөпті өртеу және құрғақ найзағай разрядтары. Табиғат аясына және саяжай учаскелеріне шығатын тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды еске саламыз: ашық аумақта ешқашан шөпті өртемеңіздер, орманды жерлерде от жақпаңыздар, балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіріңіздер, жол бойымен жүргенде автокөлік терезесінен сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамаңыздар», – деп ескертті Амангелді Еңсегенов.

Брифинг барысында ШҚО ТЖД мамандары өрт қауіпті кезеңде уақтылы жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Бұл шаралар дала және орман өрттерінің туындау қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Өрттің бақылаусыз таралуына жол бермеу үшін өртке қарсы минералдандырылған жолақтар жасау қажет. Бұл әдіс өрт шыққан жағдайда тиімді қорғаныс шараларының бірі болып табылады және өрт қаупі жоғары аумақтарда жүргізіледі.