
Еліміздің шығысындағы филиалда 9 дәрігер мен 13 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Үш дәрігер «Денсаулық сақтау үздігі» атағына ие болған. Сонымен қатар, филиал қызметкерлері түрлі медальдармен және төсбелгілермен марапатталған.
Биыл Шығыс Қазақстан филиалының дәрігерлері 194 рет шақыртуға шығып, 37 зардап шегушіге, оның ішінде 11 балаға шұғыл медициналық көмек көрсетті.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері құтқарушылар сияқты шалғай және жетуі қиын аймақтарға барып, медициналық мекемелерден алыс орналасқан елді мекендерден тыс жерлерде қызмет атқарады.
«Ағымдағы жылдың мамыр айында Алтай ауданындағы шалғай омартада, жетуі қиын жерде, 1964 жылы туған азаматқа шұғыл медициналық көмек қажет болды. Науқасты тасымалдау үшін ТЖМ тікұшағы жұмылдырылды. Бортта Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен құтқарушылары болды.
Оқиға орнына келгеннен кейін дәрігерлер науқасты тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін құтқарушылармен бірге оны әуе көлігі арқылы медициналық мекемеге эвакуациялады. Ұшу барысында науқастың жағдайын ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары тұрақты бақылауда ұстады. Ер адам әрі қарай ем алу үшін Алтай қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Сондай-ақ биыл орталық мамандары ірі өнеркәсіптік кәсіпорында болған оқиға кезінде зардап шеккен адамға көмек көрсетіп, оны жедел түрде медициналық мекемеге жеткізді», – деді Шығыс Қазақстан филиалының басшысы Молан Молдабаев.
Сонымен қатар, Ұлан ауданының Привольное ауылында орналасқан трассалық медициналық-құтқару пунктінің дәрігерлері де тұрғындарға көмек көрсетіп келеді. Биыл олар медициналық көмекке жүгінген 13 зардап шегушіге және 12 азаматқа қызмет көрсетті.
«Біз елді мекен тұрғындарына тәулік бойы қажетті медициналық көмекті көрсетеміз. Көбінесе тұрғындар тұрмыстық жарақаттармен, қан қысымының көтерілуіне байланысты жүгінеді. Сонымен қатар, бөгде затты алу және босанған әйелге көмек көрсету жағдайлары да болды.
Бірнеше жыл бұрын қыс мезгілінде жолаушылары бар автобус қарлы боранда қалып қойған еді. Сол кезде азаматтарды жылыту жұмыстарын ұйымдастыруға тура келді. Бұдан бөлек, бізде жол-көлік оқиғалары кезінде автокөлікті ашуға арналған авариялық-құтқару құралдары, сондай-ақ зардап шеккендерді реанимациялауға арналған арнайы медициналық жабдықтар бар», – деп атап өтті Молан Молдабаев.
Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері төтенше жағдайларда аса маңызды рөл атқарады. Олар оқиға орын алған алғашқы минуттардан бастап көмек көрсетіп, қолжетімсіз аудандарға барады, қолайсыз ауа райында жұмыс істейді және әр минуты қымбат болатын төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірін сақтап қалуға үлес қосады.