
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген өз туындылары – «Терезе сыртындағы самал жел» атты алғашқы балалар кітабының тұсаукесерін өткізді.
Тұсаукесер Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапхана қабырғасында өтті. Кітаптың алғашқы даналарын салтанатты түрде жас оқырмандарға ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов табыстады.
Қызықты оқиға желісі мен балаларға түсінікті өмірлік жағдайлар арқылы кітап бүлдіршіндерді қауіпсіздік қағидаларымен таныстырады: ашық терезе маңында ойнаудың неліктен қауіпті екені және қауіпті жағдайға тап болмас үшін қалай дұрыс әрекет ету қажеттігі баяндалады.
«Терезе сыртындағы самал жел» – балалар қауіпсіздігінің әртүрлі мәселелеріне арналған жоспарланған он кітаптың алғашқысы.
Кітап отбасылық оқуға, сондай-ақ балабақшаларда, мектептерде және өзге де білім беру ұйымдарында пайдалануға арналған.