
Жазғы кезең балаларға ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Демалыс уақытын қауіпсіз әрі қызықты өткізу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қала сыртындағы және мектеп жанындағы сауықтыру лагерьлерінде қауіпсіздік сабақтары мен шеберлік сағаттарын өткізуде.
Бүгін Ұлан ауданындағы көрікті демалыс орнында балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесу ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары балаларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, шартты түрде өртті сөндіруді және өткелден қауіпсіз өтуді үйретті. Сонымен қатар, кинологиялық қызметтің төрт аяқты көмекшілерімен таныстырды.
Балалардың демалысы қауіпсіз жағдайда өтуі үшін ШҚО ТЖД инспекторлары лагерь басшылары мен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі талаптары және өрт болған кездегі іс-қимылдар бойынша нұсқамалар өткізуде.
Сондай-ақ, балалар демалатын орындарға комиссиялық тексерулер жүргізіліп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы, өрт дабылы жүйесінің жай-күйі, өрт гидранттарының жарамдылығы және өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралардың сақталуы ерекше бақылауда ұсталады.